Қазақ поэзиясының ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына биыл – 95 жыл. Осы айтулы датаға орай мектебімізде мұғалімдер арасында “Мұзбалақ Мұқағали” атты мәнерлеп оқу сайысы өтті.
«Поэзия! менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім...» - деп жырлап өткен Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Мұқағали ақынның азан шақырып қойған шын аты – Мұхаммедқали. Ел ішінде Мұқағали атанып кеткен. Ақын бар-жоғы 45 жыл ғана ғұмыр кешті. Ол – қазақтың қара өлеңін өзіне кие тұтты. Сол қара өлең арқылы халқының жанына үңілді, қайғысына ортақтасты, қуанышына үн қосты.
Мұқағали – уақыттан озған ақын. Оның жыры – бір дәуірдің емес, бар дәуірдің үні. Бүгінгі сахнада оқылған әр өлең, шырқалған әр ән – ақын рухына тағзым, сөз өнеріне құрмет.
«Ақындық бір жазылмайтын дерт екен,
Ақындық бір ауру екен, соны ұқтым.
Ақын деген лапылдаған өрт екен,
Ақындардың жанып өту — серті екен.
Бықсымаспын, шалам қалмас артымда,
Жана алмасам, ерте келдім, ерте өтем!» - деп өмірі өлеңге айналған Мұқағали Мақатаев поэзиясы туған халқымен бірге мәңгі жасай берері сөзсіз!https://www.instagram.com/p/DUsmpfTjdjc/?img_index=2&igsh=MWw0NzRiMXlicjVwag%3D%3D





