Школа гимназия 68

+7(7172) 50-15-52

Школа гимназия 68 города Астаны, школа имени Мыржакыпа Дулатова

школа  68 города Астаны

Мектеп тарихы

Мерейлі мектептің межесі биік Күн санап ақпарат кеңістігі өркендей түскен заманда жас ұрпаққа сапалы білім беру мұғалімнің, ұжымның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуін талап етеді. ҚР Президенті – Қ. К. Тоқаев өзінің жолдауларында білім саласына айрықша көңіл бөліп, еліміздің жарқын болашағы – білікті де парасатты жастардың қолында екенін назардан тыс қалдырған емес. Педагогикалық ұжым сапалы білім берудің үздіксіздігін қалыптастырып, оны одан әрі жақсарту тұрғысында көптеген игілікті істердің ұйытқысы болуда. Осы орайда Көктал 2 кенті мектебінің бүгінгі бет–бейнесін жаңа қырынан көрсетіп келе жатқан Астана қаласы әкімдігінің «№ 68 мектеп-гимназия» ШЖҚ МКК-сі. Мектептің алғашқы ірге тасы 2011 жылы қаланып, 1 қыркүйекте білім алушыларға айқара есігін ашты. Білім ордасы Астана қаласы әкімдігінің 2011 жылғы 31 тамыздағы №22 – 864 Қ қаулысымен құрылды. Заңды тұлға ретінде Астана қаласының Әділет департаментінде 2011 жылғы 11 қазанында тіркеуден өтіп, №41460 – 1901 – ММ куәлігін алды. Сол уақыттан бері жалпы орта білім беру саласында Астана қаласының Білім басқармасы 2012 жылы 17 ақпанда берген №0129906 мерзімі шектелмеген Мемлекеттік лицензия негізінде жұмыс істеуде. Мектептің атақ-даңқын шығаратын - мектеп басшысы, яғни, директор. Директор - ұжымның ақылшысы, туындаған проблеманы дер кезінде шеше алатын, ұжымды ұйымдастырушы. Мектеп тарихында алғаш директор болып «Астана қаласы Білім басқармасы» ММ-нің 2011 жылғы 02 қыркүйектегі № 460 бұйрығымен Ж. Шарипхан тағайындалды. Білімі ұшан-теңіз, мәдениеті жағынан қарамағындағылардан биік тұратын, қызметкерлердің іскерлігін айыра білетін, дер кезінде көмек бере алатын, тіпті мектеп оқушыларының қабілетін, мінез-құлқын, олардың ата-анасын, тұрмысын жетік білуге талпыну директорға қойылатын талап. Ш. Қажытайұлы басқарған жылдары мектептің іргетасы қатайып, Көктал 2 кенті тұрғындарының мәдени ошағына айналып үлгерді. Мемлекеттік және Ұлттық мерекелерді жергілікті халықпен ұйымдастыра отырып, атқара білді. Білім беруде үздік маман кадрларын даярлап, білікті ұстаздар қатарын көбейтті. Одан бөлек, білімді шәкірттердің санын арттырып, білім сапасының артуына ықпал ете білді. Бүгінгі таңда мектепті үздік аяқтаған түлектер еліміздің әр түкпірінде, тіпті, шет елдерде жоғары білім алуда. Қазыналы білім ордасына айналған № 68 мектепгимназиясының әрбір шәкірті білім көкжиегіне сеніммен ұмтылып, мектеп мақтанышына айналуды мақсат етсе, инемен құдық қазғандай білім тұңғиығының нәрін алған «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері бұл күнде республикамыздың барлық аймағында еліміздің дамуына өздерінің үлестерін қосуда. Мектептің материалдық базасын нығайтып, ғылыми негіздермен білім беретін пән кабинеттері жабдықталды. Оқушыларға кәсіптік бағдар беруде оқу шеберханалары, тәжірибе алаңдары ұйымдастырылып, ақпараттық коммуникациялар технологиясын меңгеруге басты назар аударылды. Мектептегі оқушылардың рухани дүниесін байытуға ұйытқы болып отырған кітапхана жұмысы да жақсы жолға қойылған. Онда оқулықтар мен әдістемелік әдебиеттер, көркем әдебиеттер және ғылыми – көпшілік танымдық әдебиеттер қоры бар. Мектептің жалпы қуаттылығы 800 орынға есептелген. 55 оқу кабинеті, екі спорт залы, Акт залы, 276 орындық асхана, 64 орындық кітапхана, 4 шеберхана, арнайы спорт алаңы бар. Мектептің техникалық базасы жеткілікті. Мультимедиялық кабинетпен, информатика дәрісханасымен, интерактивтік тақталармен жабдықталған. Мектептің оқу–материалдық базасы жылдан – жылға нығайып, ғылыми негіздермен білім беретін пәндік кабинеттерді қайта жабдықтау қолға алынып, биология, химия кабинеттері жаңа технологиялармен қайта жабдықталды. Оқу тілі – қазақ. Бағыты – 10-11 сыныптар үшін қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану-математикалық. Бүгінгі таңда мектеп-гимназияда 2733 оқушы білім алуда. Мектеп ұжымы қазіргі таңда оқытудың жаңа технологиялық әдіс – тәсілдерін пайдалану арқылы дарынды оқушыларды дер кезінде анықтап, шәкірттерді шығармашылыққа баулуды басты парыз санайды. Осы мақсаттағы басты міндет – білім беру бағдарламасын жүзеге асыру және ұлттық, азаматтық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке тұлғаны кәсіби қалыптастыру, дамытуға бағыт болған білім алуға қажетті шарттар жасау, оқушыларға үш тілді меңгерту, мектепті компьютерлендіру және интернет жүйесімен жұмыс жүргізуді басты назарға алуда. Әлемнің екінші Аристотелі атанған данышпан ойдың иесі Әл– Фарабидің даналығында «Кемеңгер патшаға тән 12 қасиеттің төртінші қасиетінде «Басшы терең ой иесі және жадына сақтағандардың бәрін айдан–анық етіп айтып бере алатын шебер әрі шешен болуы шарт» деп түйіндесе, «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» - дейді Жүсіп Баласағұни. 2017 жылы мектепті басқару жұмысына оқу тәрбие жұмысының барлық саласынан хабары мол, білікті басшы К. Баяхметбаева тағайындалып, мектептегі көптеген жұмыстардың бастамашысы болды. Киелі білім ордасы уақыт озған сайын қоғам дамуына ілесіп, өркен жая түсті. Осы кезеңнен бастап киелі білім ордасы еңселі де биік, сәулетті оқу орнына айналды. Сол уақытта К. Ізтөлеуқызы өзін кәсіби мамандығын толық меңгерген, ұйымдастырушылық қабілеті зор, іздене жұмыс істеп, мамандарға талап қоя білетін білікті басшы екендігін көрсетіп, ұжым арасында абыройлы бола білді. Оның басшылығымен мектептің оқу–тәрбие жұмыстарында жаңа технологиялық– инновациялық әдістерді кеңінен ендіруді ұйымдастыру нәтижесінде мектеп ұжымы жыл сайын аудандық, облыстық, республикалық деңгейлерден көрінде. «Оқу мен тәрбие егіз» ұғымын өз ісінде жүзеге асырып келе жатқан мектеп ұжымының еңбегі өзгелерге үлгі боларлық. Мектептің жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі шығармашылық жұмысы жыл сайын өз нәтижесін беріп келеді. Оған мектеп түлектерінің мемлекеттік грант пен несие арқылы жоғарғы оқу орындарына түсуі дәлел. Жыл сайын мектеп оқушылары аудандық және облыстық олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орын алып жүрсе, дәстүрлі республикалық «Абай оқулары» байқауының жүлдегерлері де осы мектептен шығып отыр. Мектеп пен Астана қаласындағы ЖОО арасында байланыс нығайып, мектеп осы университет студенттерінің өндірістік тәжірибеден өту жөніндегі тірек мектебі болып отыр. Оқытудың ақпараттық коммуникациялық технологияларын ендіру мақсатында жан–жақты жабдықталған компьютер сыныптары ашылып, интернет жүйесіне қосылды. Онымен қоса, мультимедиялық кабинеттер пайдалануға берілді. Мектепте білім беру үрдісі мен тәрбие беру үрдісін біртұтас жүйе есебінде жүргізу үнемі назарда ұсталды. 2023 жылы мектепті басқару ісіне әкімшілік қызметте тәжірибесі мол, шебер ұстаз Л. Сарсембекова тағайындалып, бүгінгі күнге дейін жүйелі істерді жүзеге асырып келеді. Оның ішінде білім сапасының межесін арттыру, білім алушыларға қолайлы жағдай жасау, педагогтердің үздіксіз білім алып, сапалы білім беруін қамтамасыз ету жұмыстары жолға қойылған. Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеп, халықаралық біліммен сусындаған қатарынан озатын шәкірт тәрбиелеу негізгі миссиясына айналған. Жемісті жұмыстардың нәтижесі де көп күттірмей көрсетілуде. «Бейнеттің де зейнеті бар» дегендей бүгінде адал еңбегінің арқасында көпшілікке танымал, жастарға жол сілтеп, ақыл айтар ұлағатты ұстаздар да жоқ емес. Сабақ берумен қатар ақылшы–ұстаз болып, өз тәжірибелерін үйретуден жалықпайтын және оқушыларды патриоттық, эстетикалық тәрбие беруде игі жұмыстар жүргізеді. Сондай-ақ, өзінің пәнін өте жетік меңгерген, білімді, сауатты, әр сабағын ұстамды, түрлі әдістермен оқушының мәңгі есінде қалатындай етіп түсіндіретін педагог ұстаздардың қатары көбейіп келеді. Осы күнгі жаңа технологиялық әдістерді, дәстүрлі емес сабақтарды ізденімпаздығы арқылы тиімді пайдалана білуде. Жұмыстағы іскерлігі мен ұйымдастыру қабілетімен ұстаздық тәжірибесі ескерілген бірқатар мектеп ұстаздары білім беру саласындағы шығармашылық жұмыстары және тәуелсіз еліміздің болашақ иелерін тәрбиелеудегі жемісті еңбектері үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хаттарымен марапатталған. Ұстаздармен бірге мектеп ата-аналары да Көктал 2 кентінің әлеуметтік жағдайының, мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып, мектептің кез-келген қоғамдық жұмыстарының басында жүріп, өзінің іс–тәжірибелерін, ақыл–кеңестерін беріп, қолдан келген көмегін беріп отырады. Қашанда халық берген баға марапаттың ең үлкені, халық құрметі ең бағалы сыйлықтан да қымбат. Кез келген уақытта ата–аналармен мектеп жайын сұрай қалсаңыз, мектеп ұстаздарының іскерлігін, табандылығын, еңбекқорлығын, адамгершілігін, жаңашылдығын айта жөнеледі. Іс–тәжірибесі толысқан осындай ұжымның шәкірттерге де, жас мұғалімдерге де берері көп екені хақ. Білім мен өнерді қатар ұштастырған киелі білім ордасы алдағы күннің талабына сай зор міндеттерді орындауды мақсат етеді. Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында екендігін ескерсек, білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі ұстаз қауымының алдында тұрған үлкен мәселе. Міне, осындай үлкен жетістікті арқалап келе жатқан мектептің әлі де жетер жетістігі, алар асуы, бағындырар белесі әлі алда.