Қыз тәрбиесі – қоғам тәрбиесі
Қазақ халқында қыз баланың орны ерекше. Үкілеп өсіріп отырған қыз баласының барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған. Еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген. «Қыз – өріс, ұл-қоныс» деп білгендіктен халқымыз өрісін кеңейтер қыз балаға айрықша көңіл бөлген. «Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» дей отырып, қыз баланың мінезінің қалыптасуына да үлес қосқан. Халқымыз «қыз-қонақ» деп, төрінен орын беріп, қыздарды алтынның сынығына балап өсірген. Жалпы бала тәрбиесіне, соның ішінде қыз бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Ата-бабаларымыз «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама ой сыйғызған. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек анасы жауапты емес, бүкіл ауыл, ел жауапты болып отырған.
Біле білсек, әрбір елдің өміріндегі шешуші кілт – қыздарға берілетін тәлім тәрбие арқылы өлшенеді. «Қызым үйде – қылығы түзде» демекші, қыз баланың жүріс-тұрысы мен киім киісі де тәрбиенің негізі болып саналады.
Ізеттілік, көргенділік нәресте кезінен ана сүтімен бойға сіңеді. Қыз баланың жүріс-тұрысынан бастап дауыс ырғағына дейін мән берудің өзі қыз бала тәрбиесінің маңыздылығын сездірсе керек. Сондықтан да қазақ қыздарымыз тәрбиелі ұлтжандылығымен, өздеріне тән нәзіктігімен және рухани тазалығымен ерекшеленеді. Ар-намысын жоғары ұстай білген қыз ғана жұрт алдында әрдайым абыройлы, сыйлы болары хақ.
Қазақ қыздарының менталитетіне қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ақылдылық, имандылық сияқты қасиеттер кіреді. Тарихқа көз жүгіртсек, Айман, Құртқа, Назым сияқты қыздарымыз, Домалақ ана, Айша Бибі сияқты аналарымыз нағыз қазақ әйелдерінің үлгісі болды. Ұлжан ана данышпан Абайды ғұсыл-дәретсіз емізбегені – адамзаттың баласын тәрбиелегені болып табылады. Халқымызда бала тәрбиесін құрсақтан бастаған асыл аналарымыз болған. Ұлы Абайдың тәрбиешісі болған данагөй әжеміз Зерені қалай ұмытамыз?
«Қызың өссе, қызы жақысымен ауылдас бол», деп көңілі мен жүрегі таза, әдемілікке, нәзіктікке құмар, өзінің емес, өзгенің өресін көтермелейтін қыз бала келешекте іргелі үйдің шаңырағын жоғары көтеретінін айтса керек. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қарау қажет. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, балаларының анасы. Бүгін ол қыздар өнегелі тәрбие алса, ертең ұрпақ тәрбиелейтін қазақтың дана аналарына айналары сөзсіз.